Oct 30, 2022

Сыр сахнасының сардары - 50 жаста!

Сыр сахнасының сардары – 50 жаста!
Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытбек Темірбековтің 50 жылдық мерейтойына арналған «Сыр сахнасының сардары» атты шығармашылық кеші болып өтті. Театр сүйер қауымға Абай, Қарабай, Макбет, Нартай секілді шоқтығы биік образдары арқылы танылған Бақытбек Темірбеков кештің шымылдығын ұлы ұстаздарына тағзым етуден бастады. Өмірінің соңына дейін қазақ театрының дамуына қалтқысыз еңбек еткен Қазақстанның халық артисі Серік Шотықов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әлия Арысбайқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үмүгүлсін Бегімова, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Серік Пірмаханов, «Құрмет» орденінің иегері Ұлбатай Баяділова, Мәдениет қайраткері Ораз Нәсімханов және Якуда Халықұловтай өнер мен өмірдегі жеті ұстазының әруағымен киелі сахнада жүрек тебіренте сырласып, еске алып, тағзым етті. Өнер отын, театр рухын сөндірмеуге ант етті... Осылайша басталған шығармашылық кештің мағынасы терең және өнер айдынында жүзіп келе жатқан жастарға  үлгі ретінде берері мол болды. Облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемұлы құттықтап, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Сонымен қатар,  Б.Темірбековтің үлкен сахнагер болып қалыптасуына зор үлесін қосқан өнердің өз өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Хұсейн Әмір-Темір сахнагер туралы сыр шертіп, мерейтоймен құттықтады. Бақытбек Темірбеков сомдаған рольдер, ол қойған спектакль кейіпкерлерін кескіндеген әріптестері құттықтап, әннен шашу шашып, мерейтойлық тарту ұсынды.  Бақытбек Темірбековты еңселі елу жасқа толуымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт тілейміз! Мерейтой құтты болсын, Сыр сахнасының сардары!

Көмек керек? Бізбен байланысыңыз

+7 7242 27-67-34, +7 7242 27-28-93 (Касса)

Онлайн билеттер