Scroll down
Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры

Тарихы

Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының тарихы 

Театр 1955 жылы Талдықорған қаласында Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қаратал колхоз-совхоз театрларының негізінде шаңырақ көтерді. Театрдың 1955-1959 жылдардағы репертуарында қазақ драматургиясынан М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай», М.Әуезовтің «Қаракөз», «Қарақыпшақ Қобланды», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш –Баян сұлу», т.б. пьесалары қойылды. Аталған шығармаларды театрдың бас режиссері Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген артисі Ж.Әбілтаев сахналады.

Бұл жылдардағы спектакльдердің арасында орыс және әлемдік классикалық туындылар да кездеседі. Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген артисі В.И.Дьяков К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Н.Гогольдің «Ревизор» комедияларын сәтті сахналады.Бұл шығармалар жас театрдың буынын бекітіп, актерлердің кәсіби шыңдалуына айтарлықтай ықпал еткен спектакльдер қатарында.

Аталмыш театр іргетасының берік қалануына Жақып Әбілтаев пен Виктор Иванович Дьяковтың орасан зор еңбек сіңіргенін ерекше атап өткен орынды. Олар актерлердің басын қосып, труппаны үлкен ұжымға айналдыра алды.

1960 жылы Қазақстан Мәдениет министрлігінің наурыз айындағы қаулысынан соң театр Сыр өңіріне қоныс аударып шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашты.

Театр Талдықорған қаласында қойылған бүкіл репертуарын қызылордалық көрермендерге де тарту етті. Атап айтқанда, К.Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші», Н.Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш– Баян сұлу» спектакльдерін көпшілік қауым қызыға тамашалады. Сондай-ақ, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Қуырдақ дайын», С. Адамбековтің «Күн мен көлеңке» пьесалары да аншлагпен жүрді. Ж. Әбілтаев репертуар саясатын басты назарда ұстады. Оның режиссурасындағы Ә.Әбішевтің «Кімге күлеміз?», Ш.Хұсайыновтың «Есірткен ерке», С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», А.Сатаевтың «Ақбөпе» пьесалары бойынша қойылған спектакльдерді көрермендер жылы қабылдады.

Сол алғашқы жылдары театрдың артистер құрамында қазір театр тарихында есімдері алтын әріппен жазылған майталман орындаушылар Жақып Әбілтаев, Баймолда Баймұқанов, Кәден Балғынбаев, Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Кәнетов, Сағымбек Рақышев, Қыдырма Көпбаев, Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Мәрденов, Халық Саурықов, Раиса Тәшібаевалар болған еді. Осы кезеңде театр директоры Сағымбек Рақышев, бас режиссері Жақып Әбілтаев (1955-1962) болды. Осы аталған сахна дүлділдерінің өкшесін баса театрға келген жастар: Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Рыстай Алдамжарова, Тұрысжан Айнақұлов, Фатима Айнақұлова талай рольдердің шырайын ашты.

Театр Қызылордаға қоныс аударған жылдары труппа құрамына Сыр елінің бірсыпыра өнерпаз жастары – Ташкент ГИТИС-ін бітірген Пахраддин Қуанышев, Ізбасқан Шәкіров, Жорабек Шүленбаев, М.Әуезов театрының студиясын бітірген Ұлбатай Баяділова, Айымторы Тайғаринова, Қалмахан Бисембинов, сондай-ақ,мәдениет мекемелерінде қызмет істеп жүрген Оралбек Әбдімомынов, Ыбырахым Раманқұлов, Зағипа Сәулебаева, Ақтөбеден Ораз Нәсімханов, Сәнім Масина секілді жас таланттар шоғыры келіп қосылды.

Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, ұлағатты ұстаз, Қазақ ССР-ның халық артисі Асқар Тоқпановтың театрға келіп, спектакль қоюы үлкен өнер мектебіне айналды. Спектакльде Абайды ойнаған С.Рақышев, Әйгерім – Ш. Бәкірова, Ажар – Ж.Бағысова, Айдар – Ж.Шүленбаев, Баймағанбет – Б.Баймұқанов, Мағауия – С.Шотықов өз кейіпкерлерін жете меңгеріп, әдемі актерлік ансамбль түзді. Бұл спектакльде Тәкежан –Тынымбек Пірімжанов, Әбіш – Тұрғанбек Әшімов тырнақалды рольдерімен өздерінің бойындағы талант ұшқынын танытып, болашақтарынан мол үміт күттіретінін аңғартты.

Алғашқы жылдардағы қиыншылықтарға қарамастан театр ұжымы Орал, Оңтүстік Қазақстан,Жезқазған облыстары мен Қарақалпақстан, Өзбекстанның Бұхара облыстарына гастрольдік сапарларға шығып, көпшіліктің эстетикалық талғамының артуына ықпал етті.

Осы жылдары өскелең өнер көрсеткен Ш.Бәкірова, К.Көпбаева Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі деген атақтармен марапатталды.

Театрдың биік шығармашылық белестерді бағындыруына айрықша еңбек сіңірген режиссердің бірі Мен Дон Ук (1962-1963). Оның режиссурасымен қойылған «Қаракөз» спектаклі көркемдік тұтастығымен,эмоциялық терең сезімдерді қозғай алуымен ерекшеленді. Режиссер театрдың талантты орындаушылары Ж.Бағысованың (Қаракөз),С.Шотықов (Дулат)пен Т.Айнақұловтың (Асан) актерлік шеберліктерін жарқыратып аша білді.

Театрдың өсіп жетілуіне өз үлесін қосқан режиссердің бірі 1963-1964 жылдардағы театрдың бас режисері Рубен Суренович Андриасян. Оның режиссурасымен қойылған К.Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», О.Бодықовтың «Қайдасың әке?», Ш.Айтматовтың «Жәмила» спектакльдері театрдың даму жолында өзгеше із қалдырды.

1964 жылы театрға Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясының театр факультетін бітірген Маман Байсеркенов режиссер болып келді. Бір жылдан кейін бас режиссерлік қызметке тағайындалып, 1970-ші жылдарға дейін театрдың көркемдік жетекшісі болды.Бұл тұста театр репертуарына күрделі пьесалар таңдау, кейіпкерлер дің психологиялық көңіл-күйіне назар аудару, орындаушылардың роль үстіндегі жұмысын жандандыру әдістері қарастырылып, театрдың кәсіби қалыптасуына мән берілді. Бұрынғы этнографиялық-натуралистік сарыннан біртіндеп арылып, шарттылыққа ден қойылды.

Жастық жалынмен өз ісіне қызу кіріскен М.Байсеркенов шығармашылық батыл эксперименттерге бара алды. Ол Ц.Шагжиннің «Сандықтан шыққан сайтан», Б.Майлиннің «Майдан», М.Хасеновтың «Бетпе-бет», Б.Аманшиннің «Таныстық керек», Ш.Айтматовтың «Ана-Жерана», А.Тоқмағамбетов пен О.Бодықовтың «Арман азабы» пьесаларын сахналады. Әсіресе, 1967 жылы Вс.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясының» сахнада табыспен қойылуы бүкіл қазақ театр өнерінің табысы ретінде бағаланды. М.Байсеркенов бұл пьесаны сахналауға өзінің суреткерлік қарым-қабілетін сарқа жұмсады. Содан болар оның спектаклі жарқын мазмұнымен, публицистикалық тілімен, драмалық тегеурінімен,төңкерістік романтикасымен ерекшеленді.

Осы спектакльдегі Комиссар Ш.Бәкірова, Алексей – Т.Айнақұлов, Вожак – Х.Саурықов, Қырылдауық – О.Әбдімомынов ойындары әдемі актерлік ансамбльге ұласып, шынайы бейнелер жасалды. 1968 жылы «Оптимистік трагедия» спектаклі үшін театрға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы берілді. 

Сол 1967 жылы театр эстетикалық талабы мен талғамы биік Алматы қаласының көрермендеріне алғаш рет есеп беру ниетімен гастрольдік сапар жасады. Гастрольде М.Әуезовтің «Қаракөз», К.Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана», А.Тоқмағанбетов пен О.Бодықовтың «Арман азабы», Вс.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясы» астаналық көрермендердің талқысына ұсынылды. Гастроль қорытындысымен Ш.Бәкірова – Қазақстанның халық артисі, Ж.Бағысова, Т.Айнақұлов, О.Әбдімомынов – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі деген атақтарға ие болды.

Көрнекті авторлардың айтар ойы салмақты күрделі шығармаларын сахналауда айтарлықтай табысқа жетіп, қарқынды дамудың үлгісін көрсеткен ұжымға 1967 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді.

М.Байсеркенов режиссурасымен жарық көрген келесі спектакль – М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысы» актерлердің кеңінен танылуына жол ашты. Атап айтқанда, Қобыланды – Т.Пірімжанов, Қазан – З.Мейірманов, Алшағыр – Т.Айнақұлов, Көбікті – Ш.Мәрденов, Көклан – Ш.Бәкірова, Қарлыға – Ж.Бағысова, Құртқа – С.Масина, Бірсімбай – Х.Теміров, Қараман – О.Әбдімомынов пен С.Шотықов спектакльде жаңа қырларынан көрінді.

М.Байсеркеновтың батыл ізденісін танытқан келесі туынды – Александр Штейннің «Толасы». Мұнда жас актер Т.Пірімжановтың Ленин бейнесін сомдауы үлкен құбылыс ретінде қабылданды. Өйткені кеңестік идеология салтанат құрып тұрған сол кезде пролетариаттың «күн көсемін» батылдықпен сомдап, көрермен алдына «тірі» Ленинді шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік болатын. Сонымен қатар З. Мейірмановтың – Позднышевы, Т.Айнақұловтың – Гущасы, Ш.Әбдібаевтың – Иваны, Ж. Бағысованың – Таськасы жан-жақты бедерленіп, қазақ сахнасына тағы бір сүбелі туындының келгенін паш етті.

«Толас» спектаклі театрға Қазақ ССР мәдениет министрлігінің дипломын алып берді. Сондай-ақ М.Байсеркенов кезінде Ш.Бәкірова, Ж.Бағысова, Т.Айнақұлов, К.Көпбаева, О.Әбдімомынов Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атақтарын алды.

Театрда белсенді қызмет еткен режиссерлер Исмайыл Құрымов, Төлеш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев театрдың ары қарай дами түсуіне аянбай атсалысты.

Т.Тұңғышбаев қойған С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал», «Тұтқындар» спектакльдері режиссердің ұтымды шешімдерімен, шебер мизансценалық иірімдерімен есте қалды.

И.Құрымов сахналаған М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», М.Байджиевтің «Жекпе-жек» спектакльдері сол кездегі КСРО халықтарының шығармаларын сахналау талабына нақты жауап бере алды. М.Кәрімнің трагедиясында Таңқабике – Ш.Бәкірова, Дәруіш – О.Әбдімомынов, «Жекпе-жекте» Ш.Әбдібаев пен Т.Пірімжанов шеберліктерін танытты.

Театрға 1971 жылы Тастан Өтебаев бас режиссер болып тағайындалып, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», С.Адамбековтің «Аюбайдың ажалы», А.Тоқмағамбетовтің «Тоқсан толғау», С. Шәймерденовтің «Әнім сен едің», М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясын қойды. Ол қойған грузин драматургі Г.Хухашвилидің «Өмір жолы» пьесасы үшін Қызылорда театры алғаш рет Бүкілодақтық фестивальдің дипломына ие болды. Бұған суретші Серік Пірмахановтың да қосқан үлесі зор. Ол өзінің көркемдік шешімін спектакль табиғатымен шебер үйлестіріп, режиссер ойын дөп басты.

Театрлардың бір-біріне режиссерлерді шақыруы, спектакльдер қойғызып тәжірибе алмасуы заңды құбылыс. Бұл жас актерлердің шеберлігін шыңдап, әрбір ұжымға жаңа серпіліс беру үшін аса қажет. Қызылорда театры да әр кездері әртүрлі спектакльдер қоюға Райымбек Сейітметов, Есмұхан Обаев, Анархан Садирова, Иван Ширшов, Тұрғанбек Ашимов, Таңат Досбаев, т.б.режиссерлерді шақырып, репертуарды жаңартып отырды.

Театр тарихында қазақ сахна өнерінің жұлдыздары – Қазақстанның халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұлов пен КСРО халық артисі Сәбира Майқанова Сыр сахнасы үшін арнайы келіп, өз шәкірттерімен бірге сахнада өнер көрсетуі үлкен мәдени құбылыс болып қалды. Сол кездері жалындаған жастық қуатымен күрделі рольдерді еркін игере бастаған Ізбасқан Шәкіров пен Рашида Түгелбаева осы тарлан актерлермен бірге өнер көрсетті. Бұл актерлік ойынды шыңдаудың салиқалы мектебіне айналды.

1971-1972 жылдары Мәскеуден ГИТИС-тің жоғары режиссерлік курсын бітіріп Хұсейін Теміровтің келуі театрға жаңа серпін берді. Ол 1974-1988 жылдардың аралығында театрдың бас режиссері қызметін атқарды.

Оның алғашқы дипломдық жұмысы есебінде Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклінің өзі-ақ театр әлеміне жаңа, талантты суреткердің келгенін аңғартып үлгерді. Өрелі өнерпаз ұлттық драматургиядан Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Сәкен Жүнісов, Қалтай Мұхамеджанов, Құдаш Мұқашев, Қапан Сатыбалдин, Амантай Сатаев, Шахмет Құсайынов, Әнуар Әлімжанов, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Нұрлан Оразалин шығармаларын сахналап, ұлт драматургиясының дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар Асқар Тоқмағамбетовтен бастап, Оразбек Бодықов, Зейнолла Шүкіров, Саид Баязитов, Қомшабай Сүйенішов секілді жергілікті драматургтер еңбегіне ден қойып, Сыр топырағында да драматургия жанрының өсіп-жетілуіне мұрындық болды.

Жоғарыда аталған ондаған қойылымдар арқылы сатыланып барып биіктеп, классикалық туындыларға қадам басқан режиссер Х.Теміровтің «Король Лир» спектаклі 1977 жылғы классикалық шығармалардың республикалық байқауында ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Осында басты рольдерді сомдаған С.Шотықовтың Сайқымазағы І-ші дәрежелі, Т.Айнақұловтың Лирі мен суретші С.Пірмаханов еңбегі ІІ-ші дәрежелі дипломды иеленді. Ш.Бәкірова мен Ж.Бағысованың, жас орындаушы Ә.Арысбаеваның еңбектері театр сыншылары мен мамандар тарапынан жоғары бағаланды.

Театр ұжымы Венгер драматургиясының фестиваліне Иштван Эркеннің «Сау басыма сақина» пьесасымен қатысып, зор табысқа ие болды. Бұл спектакльде С.Шотықовтың – Майоры, О.Әбдімомыновтың – Тооты, Ж.Бағысованың – Маришкасы, Ә.Арысбаеваның – Агикасы, Б.Алпысбаевтың – Почташысы шынайы сыр-сипатымен көрермендерді өзіне тарта білді. Режиссер актерлерді шығарманың трагикомедиялық ерекшелігінен туындайтын еркіндікті меңгеруге бағыттады. Ол пьесаның өзегінен өрілген комедиялық оқиғаларды ащы әзіл-оспақпен трагедиялық әжуаға дейін көтеріп, моральдық таным-тәрбиені шенеп, адамның теріс қылықтарын сыншыл күлкімен өткір әшкерелейді.Бұл спектакль үшін театр Венгер Халық Республикасы Мәдениет Министрлігінің арнайы қола жүлдесіне ие болса, режиссурасы үшін Х.Теміров Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанды.

1976 және 1978 жылдары Қызылорда театры ВЦСПС пен КСРО Мәдениет министрлігінің ауыспалы Қызыл туын және ақшалай сыйлығын екі мәрте жеңіп алды. Сондай-ақ, театр 1978 жылы Қарақалпақ АССР-ы Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасымен де марапатталып, үлкен абыройға ие болды.

1979 жылдың 15-31 мамыр аралығында театр ұжымы Нүкіс қаласына үлкен гастрольдік сапармен барды. Онда Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері –Ақтоқтысы», У.Шекспирдің «Король Лирі», М.Әуезовтің «Түнгі сарыны» мен «Еңлік – Кебегі», Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғаниы», Д.Исабековтің «Әпкесі», Т.Ахтановтың «Күшік күйеуі», И.Эркеннің «Сау басыма сақинасы», А.Сатаевтың «Ақбөпесі» және Қарақалпақ драматургі К.Рахмановтың «Келін» комедиясы көрсетілді. Репертуардағы шоқтығы биік спектакльдерімен барған театр ұжымы қарақалпақтықтарға үлкен өнер мерекесін сыйлап, өздері де көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленді.

Осы жылдың 15-25 тамыз аралығында Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театры Алматының талғампаз көрермендері мен театр мамандарының талқысына М.Әуезовтің «Түнгі сарын», И.Эркеннің «Сау басыма сақина», У.Шекспирдің «Король Лир», Қ. Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», Ә.Тәжібаевтің «Майра», Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғани», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері–Ақтоқты» секілді күрделі дүниелерін апарды. Осы спектакльдерімен театр ұжымы өздерінің жеткен биігін, шығармашылық мүмкіндіктері мен кәсіби сипаттарын анық таныта алды.

1981 жылы театр ұжымы Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясымен КСРО-дағы ГДР драматургиясының фестиваліне қатысып, фестиваль лауреаты деп танылды. Бұл атаққа Х.Теміров пен суретші С. Пірмаханов та ие болды. Мәскеуден келген театр сыншылары облыстық қазақ театрының классикалық шығарманы қоюдағы талпынысына, суретші мен режиссердің көркемдік шешімдеріне оң бағасын берді. Сыншылар білдірген жылы лебіздер Фердинанд – А.Сейілханов, Луиза - Ә.Арысбаева, Президент – О.Әбдімомынов, Вурм – С.Шотықов, Маршал Фон Кальф – Я.Халықұловтарға қанат бітіргендей болды.

1985 жылы театрдың жаңа ғимаратқа көшірілуі, сахналық көрініске кең мүмкіндік ашты. Әсіресе, айналмалы сахнаны пайдалану, дыбыс беру жүйесінің кең тынысты үні мен жарық аппаратураларының жақсаруы орындаушылардың шабыттана ойнауына ықпалын тигізді.

1990 жылы Алматыға гастрольдік сапар кезінде Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Жанпида» романы бойынша қойылған «Ақырзаман», Иран-Ғайыптың «Күшігінен таланған», Қ. Сүйенішовтің «Сен де жалғыз, мен де жалғыз» пьесалары бойынша қойылған спектакльдер көрсетілді.

Сол жолғы театр тарихындағы үшінші рет Алматыға есеп беру гастролі қорытындысымен төрт орындаушы жоғары атақтарға ие болды. Олар: Серік Шотықов «Қазақстанның халық артисі», Әлия Арысбаева, Бақытбек Алпысбаев, Асқарбек Сейілханов Ерғали Оразымбетов «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» деген құрметті атақтарды иеленді.

Театрдың биік белестерден көрінуіне режиссер Ерғали Оразымбетовтың (1988-2001) сіңірген еңбегі елеулі болды. Жаңашыл режиссер ондаған тамаша спектакльдерді жарыққа шығарды және жергілікті авторлармен де шығармашылық бірлікте жұмыс жасады. Ол Д.Исабековтың, С.Балғабаевтың, Т.Нұрмағамбетов пен Қ.Найманбаевтың, жергілікті драматургтер Қ. Сүйенішов, А.Кіребаевтардың драмалық шығармаларын сахналады. Сәтті қойылымдардың ішінде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», Д.Исабековтың «Аққу Жібек», Иран-Ғайыптың «Желжуан немесе мен байымнан қорықпаймын», Қ.Найманбаевтың «Айттым-бітті», Қ. Сүйенішовтің «Сен де жалғыз, мен де жалғыз», А.Кіребаевтың «Арманым. Әнім. Іңкәрім» атты пьесалары бар. Театр репертуары С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» (жаңа нұсқасы), Ә.Тәжібаевтың «Жас дәурен», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» атты жаңа туындыларымен толықты. Осы спектакльдерде сол жылдары театрға келген Д.Көшекбаева, Ж.Ақжігітова, Б.Махамбетова, Н.Тойбаев, К.Бекішев, Қ.Аманжолов, М.Тұрсынов, З.Изенаев, Ж.Бірмұханов, Г.Байсақалова, С.Тұяқбаева өнер көрсетіп, театрға талаптары таудай, қабілеттері мол жастардың келгенін паш етті.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін театрдың жаңа тынысы ашылып, 1997 жылы Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры болып, бүгінгі атауын алды.

Кез-келген театрдың шығармашылық келбетін театр фестивальдері кезінде анық байқауға болады. Өйткені фестиваль нағыз мықтылардың күш сынасар мәресі екенін ешкім жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан қарасақ Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры жоғарыда айтып кеткеніміздей, өздерінің көркемдік шоқтығы биік спектакльдерімен бірнеше фестивальдерге қатысып, қанжағаларын майлап қайтқаны мәлім.

Павлодар қаласында өткен Республикалық VІІІ театрлар фестиваліне (2000 жыл) Д.Исабековтің «Аққу–Жібегімен» қатысып, театрдың бас суретшісі С.Пірмаханов «Ең үздік сценография», Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбай «Ең үздік эпизодтық роль» номинацияларын жеңіп алды. Осы жылдары Е.Оразымбетов «Қазақстанның халық артисі», С.Пірмаханов «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» деген Мемлекеттік марапаттарға ие болды.

2003 жылы Орал қаласында Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналып өткізілген XI республикалық театрлар фестиваліне драматург Т.Әліпбайдың «Исатайдың барында» спектаклімен қатысып, II-ші орынды иеленді.

Сол сияқты Қостанай қаласындағы Қапан Бадыровтың 100 жылдығына арналған XIІ республикалық театрлар фестиваліне (2004 жыл) Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің шығармаларынан құрастырылған «Аласапыран» спектаклімен қатысып, II-ші орынды иеленді.

2005 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған түркі халықтары театрларының халықаралық «Наурыз» фестиваліне де осы спектакльмен қатысып, Талтаңбаевтың бейнесін сомдаған артист Р.Ахметов «Ең үздік ерлер бейнесін жасағаны үшін» номинациясын жеңіп алып, фестиваль лауреаты атанды.

Осы жылы Қызылорда қаласында өткен Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтің 100 жылдық мерейтойына арналған XII республикалық театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Макбет» трагедиясымен қатысып, Бас жүлдеге ие болды.

2007 жылы театр артисі Ү.Бегімова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Сол сияқты Ақтау қаласында өткен Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналған Қазақстан театрларының XVI республикалық фестиваліне (2008 жыл) Египет жазушысы Тауфик Аль-Хакимнің «Сұлтанның сасқаны-ай!» комедиясымен қатысып, жүлделі III-ші орынды иеленді.

Қарағанды қаласында өткен Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған XVII республикалық театр фестиваліне (2009 жыл) С.Балғабаевтың «Өтірік айтпайтын адам» трагикомедиясымен қатысып, театр артисі А.Байдалиева «Әйел бейнесін үздік сомдағаны үшін» номинациясымен марапатталды. Осы жылы театр артисі К.Әбжанова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Алматы қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің III Халықаралық театр фестиваліне (2010 жыл) Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасымен қатысып, «Саяси әлеуметтік тақырыпты көтергені үшін» номинациясын иеленді.

2012 жылы Түркия мемлекетінің Кония қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрларының Халықаралық фестиваліне Тургай Нардың «Төбекөз» спектаклімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.

Қызылорда қаласында Сәбира Майқановтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXII республикалық фестиваліне (2014 жыл) М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясымен қатысып, «Сахналық актерлік ұзақ ғұмыр» номинациясымен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбаев, «Үздік сценографиялық шешім» номинациясымен қоюшы-суретші С.Пірмаханов марапатталды.

2013 жылы театр директоры М.Әбдікәрімов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

2014 жылы театр Астана қаласында өткен халықаралық тілдер фестиваліне қатысып, Лондоннан, Санк-Петербургтан келген театрлармен Дулат Исабековтың «Өкпек жолаушы» пьесасы бойынша ағылшын, орыс тілінде қойылған спектакльдермен жарысқа түсті. Қазақстан театрлары атынан қатысқан Сыр театры қазақ тілінде Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклін көрсетті. Шетелдік қонақтар сыр бойының өнерпаздары ұсынған спектакльді жоғары бағалап, Нартай Бекежанов театрын тілдер фестивалінің жеңімпазы ретінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы өнер күндеріне аталмыш спектакльмен шақырды.

2015 жылдың сәуір айында театр ұжымы Лондонға барып, алғаш рет ағылшын сахнасында қазақ тіліндегі спектакльді көрсетті. Англия астанасы Лондонның төрінде орналасқан Британ корольдік музыкалық театр сахнасында қойылған бұл спектакльді ағылшынның өнер сүйер қауымы тамашалап қазақ артистеріне зор ілтипат білдірді.

Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл толуына сәйкес 2017 жылы сәуір айында Әзірбайжан елінде Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері аясында театр ұжымы Әзірбайжанның ақын, жазушы-драматургы, қоғам қайраткері, философ Мирза Фатали Ахундзаденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің…» комедиясын Баку және Шеки қаласының көрермендеріне ұсынып қайтты. 2018 жылдың мамыр айында Әзербайжан елінің Шеки қаласына арнайы гастрольдік сапармен барып, Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын сәтті ұсынып қайтты.

Сонымен қатар, театр тарихынан ойып тұрып орын алатын гастрольдік сапардың бірі күні кеше ғана Шотландия елі Эдинбург қаласында өткен Халықаралық «Фриндж» өнер фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» драмасымен қатысып, спектакль режиссері Х.Әмір-Темір, артистер З.Төлепова, Қ.Архабаевтар Европаның «Алтын кітабына» енді және театр ұжымы әлемнің ең үлкен өнер фестиваліне «Еркін қатысу» құжаитына ие болды. Сонымен қатар, 2018 жылы Талдықорған қаласында Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестиваліне Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасы үш бірдей номинацияға қол жеткізді. Театр ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен, Жүргеновтің әкесі Қара ролін сомдаған Бақытбек Алпысбаев «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен және Темірбек Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін Сырым Әбдразақов марапатталды.  «Айтқыштар Ақтөбеде» республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалінде «Сыр әзілі» әзіл-сықақ тобы Ұ.Қылышбаеваның «Шетелдік күйеу бала» интермедиясымен қатысып, жүлделі 1 орынды иеленді. Шымкент қаласына арнайы 4 қойылыммен гастроьдік сапармен барып қайтты.  Сонымен қатар,  театр ұжымы 2022 жылы Ақтау қаласында өткен II ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ABISH ALEMI» театр фестиваліне У.Шекспирдің "Ромео мен Джульетта" спектаклімен қатысса, "Нартайдың бүлдіршіндері" қуыршақ тобы Ақтөбе қаласында өткен "Ассалаумағалейкум VI" Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне Қ.Бегмановтың "Ұр, Тоқпақ" спектаклімен қатысты. Сондай-ақ, Астана қаласында Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «TЕАТРALL» II-Халықаралық театр фестиваліне "Ромео мен Джульетта" трагедиясымен қатысып, артист Бақытбек Алпысбай "Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін" номинациясын иеленді. Театрымыздың артистері Мейрамкүл Пұшпақова, Арай Көшімбаевтар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қазіргі таңда театр репертуары түрлі режиссерлердің қолтаңбасымен толықты. Атап айтқанда, А.Маемиров, Д.Базарқұлов, Е.Қабдыл секілді елімізге белгілі режиссерлер шығармашылық ұжыммен бірлесе жұмыс атқарды. 

Театрдың тарихи белесінде оның табысты жұмыс жасауына, сахналық өнердің шырқау биігіне көтерілуіне әржылдары театрдың директоры болған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Рақышев, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері С.Тұрлымұратов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ш.Әбдібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Оразымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбаев, Б.Арысбаев, М.Әбдікәрімов, Ғ.Қонақбайұлы мол еңбек сіңірді. Сол тәрізді 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап театр директорының міндетін атқарушы Мұхтар Ниязов ұжымның шығармашылық шабытын арттырып, хал-ахуалының  шарықтауына келелі істер атқаруда.

 Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері К.Әбжанова, З.Төлепова, Б.Темірбеков, Мәдениет қайраткерлері Б.Ботбаев, А.Артықбаева, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері А.Байдалиева, Қ.Айтжанова, З.Көздібаева, Ұ.Баймаханов, С.Әбдіразақов, К.Жанмұратова, Н.Шналиев,  М.Пұшпақова, А.Көшімбаев, артистер Е.Асанов, А.Тулеуова, Г.Дәужігітова, А.Оразалиев, Б.Ошақбаев, Қ.Архабаев, С.Жүзбай, З.Кенжеәлі, С.Бисеналиев, Қ.Құрманбеков, О.Аманов және жалындаған жастар қатары да қазақ өнерінің дамуына тынымсыз еңбек етіп келеді. 

2004 жылдан бастап театрда «Нартайдың бүлдіршіндері» атты қуыршақ тобы жұмыс атқарып келеді. Репертуарында М.Байғұт «Достық қымбат бәрінен», Ж.Қожаберген, К.Жанмұратова «Ит пен мысық, тышқан дос», Ж.Қожаберген, К.Жанмұратова «Тапқыр бұзау», Ж.Қожаберген, К.Жанмұратова «Алдаркөсе, Қарадәу + супер тасбақа», С.Мақұлбеков «Балапан», .Мақұлбеков «Қаңбақ шал», М.Дәуренбекова «Тосын сый», К.Жанмұратова «Тоқта! сақтан, жол ашық!», К.Жанмұратова «Адасқан тышқан», Г.Ландау «Балапан қораз»Т.Миңнулиннің «Ауыл иті Ақбай», "Маугли", Қ.Бегмановтың "Ұр, Тоқпақ" (реж.Е.Қабдыл) спектакльдері бар. Режиссері К.Жанмұратова.

2014 жылдан бастап бері жастар труппасы қызмет атқаруда. Топтың алғашқы қойылымдары Б.Әлімжановтың «Ең сұлуым-Меңсұлу» комедиясы, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасы, С.Жүнісовтың «Қысылғанан қыз болдық» музыкалық комедиясы, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмалары. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап театрда лаборатория ашылды. Л.Разумовскаяның "Қымбатты Елена Сергеевна!" пьесасының желісі бойынша қойылған "ҰБТ кілті", А.Кашьяптың "Кім?" психологиялық триллейрі, К.Ибраеваның "Шыны керек..." спектакльдері көрермен қауымға ұсынылды. 2022 жыл - Балалар жылы аясында Қ.Бегмановтың "Ер Төстік" балалар спектаклі қойылды. 

Театрдың көркемдік жетекшісі міндетін атқарушы жас режиссер Ақтөре Оразалы.   Бас суретшісі Қалымбетов Нұркен театрдың өркендеуі жолында аянбай тер төгіп жүр.


Көмек керек? Бізбен байланысыңыз

+7 7242 27-67-34, +7 7242 27-28-93 (Касса)

Онлайн билеттер